Ақорданың хабарлауынша, екі ел делегациясының мүшелері энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауыл шаруашылығы, электронды сауда, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын құжаттармен алмасты.
Олардың ішінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер бар.
Бұған дейін Тоқаевтың Ақорда резиденциясында Си Цзиньпинді қарсы алғанын жазғанбыз. Одан кейін Мемлекет басшысы ҚХР төрағасымен келіссөз жүргізуді бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасының елімізге сапары оның туған күнімен тұспа-тұс келіп отырғанына ерекше мән беріп, Си Цзиньпинге зор денсаулық, бақ-береке, жауапты мемлекеттік қызметіне толайым табыс тіледі. Келіссөз барысында Президент Қытайды Қазақстанның тату көршісі және стратегиялық серіктесі деп атады. Сондай-ақ Си Цзиньпин қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Президентке ризашылығын білдірді.